1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақшұқыр мектеп-гимназиясы жанынан ашылған «Smart ұрпақ» шығармашылық лагері өз жұмысын салтанатты түрде бастады.
Биыл лагерь табалдырығын 150 демалушы бала аттап, жазғы демалыстың алғашқы күнін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Балалардың шығармашылығын шыңдап, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған лагерьде қызықты ойындар, зияткерлік сайыстар, спорттық жарыстар мен түрлі үйірмелер ұйымдастырылады.
«Smart ұрпақ» лагеріндегі алғашқы күн – көтеріңкі көңіл күй мен шаттыққа толы өтті!
Лагерь демалушылары таңды сергектік сыйлаған таңғы жаттығумен бастап, денсаулықтарын шыңдады. Кейін дәмді таңғы ас ішіп, жаңа күнге күш-қуат жинады.
Күн бойы балалар әуезді әндерге билеп, көңіл көтеріп, достарымен бірге қызықты сәттерді бөлісті. Асфальтқа түрлі-түсті суреттер салып, өздерінің қиялдары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Мерекелік көңіл күйді аниматорлар одан әрі жандандырып, балалармен түрлі ойындар ұйымдастырып, күлкі мен қуаныш сыйлады. Ал күннің ең тәтті сәттерінің бірі – балалардың сүйікті балмұздақтан дәм татып, ерекше әсер алуы болды.

